Ер адам. Ер адамның отбасындағы рөліҚыздар әліппесінің ғаламтордағы нұсқасы | Қыздар әліппесінің ғаламтордағы нұсқасы

Ер адам. Ер адамның отбасындағы рөлі

SABAQ.KZ сайтынан Cертификат

Ер адам. Ер адамның отбасындағы рөлі

Әкенің қадірін балалы болғанда білерсің.

Халық мақалы

     Бабам қазақ бала тәрбиесіне қашан да бей-жай қарамаған. Баланы ертеңгі ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке тәрбиелейтін болған. Бір ғана «баланы жастан» деген сөздің астарынан қазақтың бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Баласы есейіп 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін болған, ондағы мақсат: көпті көрген көне көз қазыналы қарттардан тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін тыңдап, кең байтақ жерімізді батыр бабаларымыз ерлікпен қорғағанын, дарқан даламыздың бүгінгі және кейінгі ұрпаққа аманат екенін саналы түрде санасына сіңіріп отырған. Міне, бұл ер тәрбиесі.

Аға – бір әке-шешеден туған (немесе бір рудағы ағайын-туыстың) жасы үлкен жігіт. Ағаның жөні де, жолы да үлкен деп есептеледі. Жасы кішілер аға алдында әдеп сақтап отырғаны жөн. Олар жұмыс істеп жатса, жастар: «Мен істейін», – деп қол ұшын беруі керек. Аға – жасы кішілер үшін айбар, қорған, сүйеніш әрі мақтаныш.

Іні – бірге туған ағайынды адамдардың ер жынысты жасы кішісі. Оның жасы кіші болғандықтан жолы да кіші болады. Ол аға, апа алдында кішілік міндетін түсінуге, мойындауға тиіс. Ағайындылар бас қосқанда жеңіл-желпі жұмысты іні атқаруға тиіс. Іні – аға мен апаның ізбасары, сүйеніші, қоланаты, сенімі, үміті. Ескере жүретін бір жай – інінің баласы ағаға бала болады, ал сол балалар інінің апасына іні болып қала береді.

     Әке – ұрпақ  иесі, панасы, айбары, үй басшысы және асыраушысы және тәрбиешісі. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Ол тек бір отбасы ғана емес, ауыл, ру қамқоршысы, үлкен-кішіге бірдей азамат, ел ағасы ретінде көрінеді.

Әр отбасы – жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы, отағасы – әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын – әке. Әке өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болып жатады.

Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін «үлкен үй», «қара шаңырақ» деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әке тәрбиесі арқылы, ұл мен қыз балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен қалыптастыратындығы да анық. Әсіресе,  ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға қажет тағылымдарды, көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Сондықтан да, әке тәрбиесі дұрыс та, мейірімді болу керек. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», – деп бекер айтпаса керек.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтайды. Отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр.

«Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі» дей отырып, баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру, баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру – бұлар әкенің басты міндеттерінің бірі.

      Кей уақытта бала әкесіз өсіп, анасының тәрбиесінде болады. Алайда, баланың жігіт болып өсуі немесе қызға тән кейбір қасиеттерін бойына жинап өсуі де осыдан. Баланың өмірінде болып жатқан әр түрлі жағдайлардың бәрі баланың ақыл-ой, санасына байланысты. Дегенмен, дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда әкеге байланысты. Ары қарай өмір теңізінде кез болар қиындыққа төтеп беру де, суға кету де осы бағыттың нәтижесін бермек. 

Тапсырмалар:

  • Есейіп, 14-15 жасқа келгенде, атқа мінгізіп: «Алыстағы  ақсақал қарттарға сәлем беріп кел!» деп ата-аналары баланы қандай мақсатпен жіберетін?
  • Әкенің отбасындағы рөлі қандай? Әке туралы шағын шығарма жаз.

SABAQ.KZ сайтынан Cертификат

1 Comment on Ер адам. Ер адамның отбасындағы рөлі

  1. Өте жақсы жазылған маған ұнады

Leave a comment

Your email address will not be published.